130. Тасбих және тахмид, таһлил және тәкбір айтудың пайдасы!

Дуа 267

سُبْحَانَ اللَّهِ وَبِحَمْدِهِ

Субхәнә-Ллаһи уә бихамдиһи

Аллаһ Елшісінің, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, былай деп айтқаны хабарланады: “Күн барысында жүз мәрте: «Аллаһ (кемшілік атаулыдан) Пәк және Ол барлық мақтауға лайық!», - деп айтқан адамның күнәлары кешіріледі, тіпті олар теңіз көбігіндей көп болса да!”

Әл-Бухари 6405, Муслим 2691. Сондай-ақ осы сөздерді таңертең және кешкісін 100 рет айтқан адамның артықшылығы туралы осы кітаптың № 91 тармағын қараңыз.

Дуа 268

لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللَّهُ وَحْدَهُ لاَ شَرِيكَ لَهُ، لَهُ الْمُلْكُ، وَلَهُ الْحَمْدُ، وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ

Лә иләһа иллә-Ллаһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу ләһу-л-мулку, уә ләһу-л-хамду, уә һууә ‘алә кулли шәй-ин қадир!

Аллаһ Елшісінің, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм: "Кімде-кім он мәрте:
«Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Ол Жалғыз әрі Оның серігі жоқ. Бүкіл билік Онікі және Ол барлық мақтауға лайық, әрі Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді», - деп айтса, Исмаил ұрпақтарынан төртеуін азат еткендей болады", - дегені хабарланады (яғни төрт құлды азат еткендей сауап алады деген меңзеледі).

Әл-Бухари 6404, Муслим 2693. Сондай-ақ осы сөзді күніне 100 рет айтатын адамның артықшылығы туралы осы кітаптың № 93 тармағын қарасын.

Дуа 269

سُبْحَانَ اللَّهِ وَبِحَمْدِهِ، سُبْحانَ اللَّهِ الْعَظِيمِ

Субхәнәл-Лаһи уә бихамдиһи, субхәнә-Ллаһи-л- ‘Азыйм!

Аллаһ Елшісінің, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, сондай-ақ былай деп айтқаны хабарланады: "Тілге өте жеңіл, (Мизан) Таразыда салмағы өте ауыр болатын әрі Аса Мейірімді (Аллаһ) үшін сүйікті екі сөз бар, олар:
«Аллаһ барлық кемшілік атаулыдан Пәк. Және Ол барлық мақтауға лайық. Ұлы Аллаһ кемшілік атаулыдан Пәк!»

Әл-Бухари 6404, Муслим 2694.

Дуа 270

سُبْحَانَ اللهِ، والحَمْدُ للهِ، لَا إِلَهَ إلَّا اللهُ واللهُ أَكْبَرُ

Субхәнә-Ллаһи, уәл-хамду ли-Лләһи, уә лә иләһа иллә-Ллаһу, уә-Ллаһу Әкбар!

Аллаһ Елшісінің, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, былай деп айтқаны да жеткізіледі:
«Аллаһ Пәк. Ол барлық мақтауға лайық. Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Аллаһ Ұлы!», - деп айту мен үшін күн астындағы барлық нәрселерден де сүйіктірек!

Муслим 2695

Дуа 271

Аллаһ Елшісінің, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, бірде адамдардан: «Сендерден кім күн сайын мың жақсылық істей алады?», — деп сұрағаны жеткізіледі. Сол жерде болған (сахабалардың) бірі: «Біздің қайсыбіріміз мың жақсылық істей алады дейсіз?!», - деді.
Сонда Пайғамбар, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм: "Ендеше, («Субхана-Ллаһ», - деп) жүз тасбих айтсын, әрі оған осынысы үшін мың жақсы іс жазылады немесе оның мың күнәсі өшіріледі», - деп жауап берді.

Муслим 2698

Дуа 272

سُبْحَانَ اللهِ العَظِيمِ وبِحَمْدِهِ

Субхәнә-Ллаһи-л-’Азыйми уә бихамдиһи!

Сондай-ақ Аллаһ Елшісінің, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, былай деп айтқаны хабарланады:
“Кімде-кім: «Ұлы Аллаһ Пәк және Ол барлық мақтауға лайық», - десе, ол үшін Жәннатта бір құрма ағашы егіледі”.

Әт-Тирмизи 3464, әл-Хаким 1/501 хадисті сахих деді және онымен әз-Зәhаби келісті. Қз.: «Сахихул-Джами’» 5/531 және «Сахихут-Тирмизи» 3/160.

Дуа 273

لَا حَوٍلَ وَلَا قُوَّةَ إِلَّا باللهِ

Лә хаулә уә лә қууәтә иллә би-Лләһ!

Абдуллаһ ибн Қайстың (Аллаһ оған разы болсын) былай деп баяндағаны жеткізіледі: “Бірде Аллаһтың Елшісі, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, маған: «Әй, Абдуллаһ, мен саған Жәннат қазыналарының бірін үйретейін бе?»,— деді. Мен: «Әрине, уа, Аллаһтың елшісі», — дедім.
Сонда ол: “«Аллаһтан басқа ешкімде күш те, қуат та жоқ!», - деп айт”, — деді”.

Әл-Бухари 4206, Муслим 2704.

Дуа 274

سُبْحَانَ اللهِ، والحَمْدُ للهِ، ولَا إِلَهَ إِلاَّ اللهُ واللهُ أَكْبَرُ

Субхәнә-Ллаһи, Әлхамду-лиЛләһи, уә лә иләһа иллә-Ллаһу, уә-Ллаһу Әкбар!

Аллаһ Елшісінің (саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм) сондай-ақ былай деп айтқаны жеткізіледі: "Сөздердің ішіндегі Аллаһқа ең сүйіктісі төртеу:
«Аллаһ Пәк! Бүкіл мақтау Аллаһқа лайық! Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ! Аллаһ Ұлы!»
Және олардың қайсысымен бастасаң да оқасы жоқ”.

Муслим 2137

Дуа 275

لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللَّهُ وَحْدَهُ لاَ شَرِيكَ لَهُ، اللَّهُ أَكْبَرُ كَبِيراً، وَالْحَمْدُ لِلَّهِ كَثِيراً، سُبْحَانَ اللَّهِ رَبِّ العَالَمِينَ، لاَ حَوْلَ وَلاَ قُوَّةَ إِلاَّ بِاللَّهِ الْعَزِيزِ الْحَكِيمِ

Лә иләһа иллә-Ллаһу уахдәһу лә шәрикә ләһ. Аллаһу Әкбару кәбиран, уә-л-хамду ли-Лләһи кәсиран, субхәнә-Ллаһи Рабби-л-’аләмин, лә хаулә уә лә кууәтә иллә би-Лләһи-л-’Азизи-л-Хаким!

Бірде Аллаһ Елшісіне, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, бір бәдәуи келіп: «Маған бір сөзді үйретіңіз, оны мен айтып жүрейін», - дегені хабарланады. Пайғамбарымыз, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм:
“Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Ол Жалғыз, әрі Оның ешбір серігі жоқ. Аллаһ Аса Ұлы. Оған көп-көп мақтаулар болсын. Әлемдердің Жаратушысы кемшілік атаулыдан Пәк. Өте Үстем, Хикмет Иесі Аллаһтан басқа ешкімде күш те қуат та жоқ", - деп айтып жүр

Муслим 2696, Әбу Дауд 832. Бәдәуи кеткеннен кейін Пайғамбар, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм: «Ол игілікті толығымен алды», - деді.

Дуа 276

اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِي، وَارْحَمْنِي، وَاهْدِنِي، وَارْزُقْنِي

Аллаһуммә, ғфир ли, уә-рхам-ни, уә-һди-ни уә-рзуқ-ни!

Сонда бәдәуи: «Бұл сөздер Раббым үшін, енді өзім үшін не айтайын?», - деді. Пайғамбарымыз, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, оған:
«Я, Аллаһ! Мені жарылқа, маған рақымдылық ете гөр. Мені тура жолға сал және мені ризықтандыр», - деп айт, - деді.

Муслим 2696, Әбу Дауд 832. Бәдәуи кеткеннен кейін Пайғамбар, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм: «Ол игілікті толығымен алды», - деді.

Дуа 277

اللَّهُمَّ اغْفِرِ لِي، وَارْحَمْنِي، وَاهْدِنِي، وَعَافِنِي وَارْزُقْنِي

Аллаһуммә, ғфир ли, уә-рхам-ни, уә-һди-ни, уа ‘афи-ни, уә-рзуқ-ни!

Егер бір кісі Исламды қабылдаса, Пайғамбарымыз, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, оған намаз оқуды үйрететіні, кейін мына сөздермен дұға етуге бұйыратыны туралы хабарланады:
«Я, Аллаһ! Мені жарылқа, маған рақымдылық ете гөр, мені тура жолға баста, мені Өзің қорғап, әрі мені ризықтандыр!»

Муслим 3697. Муслимдегі басқа риуаятта Пайғамбардың, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, былай деп айтқаны жеткізіледі: «Расында, бұл (сөздер) сен үшін фәни мен бақи дүниеге (қатысты барлық нәрселерді) біріктіреді».

Дуа 278

الْحَمْدُ للهِ .لَا إِلَه إِلَّا اللهُ

Әлхамду ли-Лләһ! Лә иләһа иллә-Ллаһ!

Аллаһ Елшісінің, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, былай дегені хабарланады: “Ақиқатында, Аллаһқа: «Әлхамду ли-Лләһ!» (Барлық мақтау Аллаһқа!), - деген сөздер арқылы дұға еткен ең жақсы. Ал Аллаһты зікір етудің ең абзалы: «Лә иләһа иллә-Ллаһ!» (Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ!)”.

Әт-Тирмизи 3383, Ибн Мәжаһ 3800, әл-Хаким 1/503 хадисті сахих деді және онымен әз-Заhаби келісті. Қз.: «Сахихул-Жәми’» 1/362.

Дуа 279

سُبْحَانَ اللهِ، والْحَمْدُ للهِ، لَا إِلَهَ إَلَّا اللهُ واللهُ أَكْبَرُ وَلَا حَوْلَ وَلَا قُوَّةَ إلَّا باللهِ

Субхәнә-Ллаһи, Әлхамду-ли-Лләһи, уә лә иләһа илләл-Лаһу, уә-Ллаһу Әкбар, уә лә хаулә уә лә кууәтә иллә биЛләһ!

Сондай-ақ Аллаһ Елшісінің, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, былай деп айтқаны да жеткізілген:
«Аллаһ (кемшілік атаулыдан) Пәк! Барлық мақтау Аллаһқа лайық! Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ! Аллаһ Ұлы! Аллаһтан басқа ешкімде күш те, қуат та жоқ!») сөздерін айту жақсы істердің қатарына жатады».

Ахмад 513 (Ахмад Шакирдің реттеуімен). Сондай-ақ «Мәжма’уз-Зауаид» (1/297) кітабын да қараңыз. Ибн Хәжар «Булюғул-Марамда» Абу Са’идтен ән-Нәсаиге («әл-Кабир») (10617) қатысты етіп: «Ибн Хиббан (840) және әл-Хаким (1/541) сахих деді», - деп айтты.