107. Пайғамбарымыз, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, үшін салауат айтудың артықшылығы.

Дуа 229

Аллаһ Елшісінің, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, былай деп айтқаны хабарланады:
«Кім мен үшін бір рет дұға етсе, Аллаһ оған он рет игілік етеді»

(Бұл жерде Аллаһтан Пайғамбарымыз, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, үшін игілігік тілеп салауат айту меңзелуде. Мысал ретінде № 53 және 98 дұғаларды қараңыз).

Муслим 384

Дуа 230

Аллаһ Елшісінің, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, сондай-ақ былай дегені жеткізіледі: «Менің қабірімді мерзімді жиналатын орын (‘Ид) етіп алмаңдар. (Яғни менің қабіріме Айт кезінде жиналатын сияқты жиналмаңдар, басқаша айтқанда ол жерге уақыттарыңды көңілді өткізу үшін жиналмаңдар. Сондай-ақ бұл жерде Пайғамбардың, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, қабіріне зиярат жасауға тұрақты және үнемі қайталанатын әдетті іс ретінде қарауға болмайтындығы да меңзелген болуы мүмкін.)*1 Мен үшін салауат айтыңдар. Ақиқатында, сендердің салауаттарың қай жерде болсаңдар да маған жетеді!»

*1 - Редактордың (қаз.) ескертпесі: Аллаһ Елшісінің, салләЛлаһу ‘аләйһи уә сәлләм: «Менің қабірімді мерзімді жиналатын орынға айналдырмаңдар» деген сөздерінің мағынасын Пайғамбардың, салләЛлаһу ‘аләйһи уә сәлләм, шөбересімен орын алған мына оқиға түсіндіріп береді. Бірде Хасан ибн әл-Хасан ибн ‘Али Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірінің алдында әркез дұға етуге тырысатын адамды байқап қалды да, оған: «Уа, пәлен! Не үшін мен сені үнемі Пайғамбардың, салләЛлаһу ‘аләйһи уә сәлләм, қабірінің алдында көремін?», - деп сұрады. Әлгі адам: «Мен Пайғамбарға, салләЛлаһу ‘аләйһи уә сәлләм, сәлем бердім», - деп жауап берді. Сонда Хасан оған былай деді: «Ақиқатында, Пайғамбар, салләЛлаһу ‘аләйһи уә сәлләм: «Менің қабірімді мерзімді жиналатын орынға айналдырмаңдар, бірақ маған салауат айтыңдар, ақиқатында, сендердің салауаттарың сендер қай жерде болсаңдар да маған жетеді», - деді. Сондықтан сен болсаң да, Андалусиядағы біреу болса да, осы тұрғыдан [яғни Пайғамбарға сәлем беру тұрғысынан] бірдейсіңдер» (хабар оны нығайтатын иснадтардың болуы себепті сахих (сенімді); Са‘ид ибн Мәнсур өзінің «Сунанының» осы кезде жоғалған бөлігінде келтірген, Бұл туралы «әл-Иқтидада» (2/656) және «әс-Сарим әл-Мункиде» (161-бет) айтылған; сондай-ақ Исма’ил әл-Қады «Фадлю ссалә ‘алә-н-набиде» № 30; ‘Абдур-Раззақ (6726); Ибн Аби Шәйба (2/375)).

Әбу Дауд 2044, Ахмад 8804. Әл-Әлбани «Сахих Әбу Дауд» (2/383) кітабында хадисті сахих деді.

Дуа 231

‏صَلى اللهُ عَليْهِ وَسَلمَ

саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм

Аллаһтың Елшісі, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, сондай-ақ былай деді: «Менің атым аталған кезде маған салауат айтпаған кісі — ең сараң кісі».
Бұл жерде салауат деп (шариғатта заңдастырылған) келесі немесе басқа да ұқсас сөздер меңзелуде: «саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм» (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!)

Әт-Тирмизи 3546 және басқалар. Қз.: «Сахихул-Жәми’» (3/25) мен «Сахихут-Тирмизи» 3/177.

Дуа 232

Аллаһ Елшісінің, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, сондай-ақ былай деп айтқаны да хабарланады: «Шын мәнінде, Аллаһтың жер бетінде кезіп жүріп, үмметімнің сәлемін маған жеткізуші періштелері бар».

Ән-Нәсаи (3/43) № 1282, әл-Хаким 4/421. Әл-Әлбани «Сахихун-Насаи» (1/274) кітабында хадисті сахих деді.

Дуа 233

Аллаһ Елшісінің, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уә сәлләм, сондай-ақ былай деп айтқаны да жеткізіледі: «Маған әлдебір кісі сәлем берген кезде, мен оның сәлеміне жауап беруім үшін Аллаһ міндетті түрде маған жанымды қайтарып береді».

Әбу Дауд 2041, Әл-Әлбани «Сахих Әбу Дауд» (1/383) кітабында хадисті қабылдауға жарамды (хасан) деді.